Оқулыққа қаражат бөлуде де алдамыз
Бейсенбі күні облысқа Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов келді. Жұмыс сапарының бірінші күні министр Ақтөбе қаласындағы бірқатар білім ордаларының жұмысын қарады.
Білім және ғылым министрі мен облыс әкімі Оңдасын Оразалин алдымен Батыс-2 ауданындағы
«Aqbobek» мектебіне барды. «Aqbobek» International Sсhool 2020 жылдың қыркүйек айында ашылған болатын. Мектеп 3 қабатты, 600 орынға шақталған. Материалдық-техникалық базасы жағынан заман талабына сай. Онда 46 сынып, 5 информатика кабинеті, 2 шеберхана, 2 спорт зал, 200 орындық фуршет залы, робототехника кабинеті, кітапхана және оқу залы, 2 медициналық кабинет бар. Сапалы халықаралық білім беруге негізделген білім ордасында балалар үш түрлі бағдарлама негізінде оқытылады. Қазіргі таңда мұнда оқып жатқан 523 баланың 200-ге жуығы мемлекеттік тапсырыс негізінде білім алады. Химия, биология, информатика, математика пәндері ағылшын тілінде оқытылады. Білім ордасында 60-қа жуық мұғалім еңбек етеді, олардың қатарында «Болашақ» бағдарламасының түлектері де бар.
Мектеп құрылтайшысы Күлпаршын Айдарханова бүгінгі таңда мектеп аумағында 78 бейнебақылау камерасы орнатылғанын, алдағы уақытта қосымша 22 бейнебақылау камерасын қондыру жоспары барын айтты.
Мектепте балалармен қатар, мұғалімдер де тегін тамақтандырылады. Күлпаршын Айдарханованың айтуынша, бүгінгі таңда «Aqbobek» International Sсhool-да еңбек етіп жатқан мұғалімдердің ең жоғарғы жалақысы 550 мың теңгені құрайды. Сондай-ақ оларға жылына 4 рет сыйақы беріледі.
Ұстаздар қауымымен тілдескен Асхат Аймағамбетов мектептегі кітапхана қорын әлем әдебиетінің қазақ тіліндегі туындыларымен толықтыруды, мұғалімдердің біліктілігін үнемі көтеріп тұруға көңіл бөлуді ұсынды.
Бұдан соң министр 12-шағын ауданында орналасқан №51 гимназияда болды. Мұнда алдымен мектеп ұжымымен кездесіп, мұғалімдермен тілдесті. Министр педагогтерден қандай мәселелері барын сұрады. Мұғалімдер қауымы жалақыларына көңілдері толатынын жеткізіп, ешқандай шағымдары жоқ екендіктерін айтты.
Асхат Аймағамбетов гимназияның ішін аралап көрді. 2003 жылы пайдалануға берілген білім ордасы 3 қабатты, 1200 орынға шақталған. Бүгінде мұнда 1991 бала білім алып, 158 мұғалім еңбек етеді.
Гимназия жұмысымен танысып болған соң облыстық білім басқармасының басшысы Жолдас Батырхан министрге өңірдегі білім саласында атқарылып жатқан жұмыстар барысын баяндады. Облыста үш ауысымдық, апаттық жағдайдағы мектептерді жою бағытында нақты жұмыстар қолға алынған. Сондай-ақ мектептердегі қауіпсіздік жағдайы да басты назарда. Қала мектептерінде мамандандырылған күзет қызметі енгізіліпті. Барлық білім ордасы бейнебақылау камераларымен жабдықталған. Талапқа сай келмейтін бейнебақылау камераларының мәселесі келер жылдан бастап толық шешімін таппақ.
Білім басқармасының басшысы биыл облыста 65 мектептің кітапханасы жөнделіп, 100 мектептің кітапханасына компьютер сатып алынғанын айтты. 58 кітапхана жиһаздармен жабдықталған. 100 миллион теңгеге «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында көркем әдебиеттер алыныпты. Бұл бағыттағы жұмыстардың Ақтөбе облысында бір жүйеге қойылғанын айтқан Асхат Аймағамбетов:
— Ақтөбе облысы — республика бойынша оқулыққа қаражат бөлу жағынан алдыңғы қатарда тұр. Сондай-ақ «Оқуға құштар мектеп» жобасы жағынан да үздік тұрған өңірлердің бірі, — деді.
Ақерке САТЫБАЛДЫ.